Хабарландыру
DOSMUHAMBETOV MEKTEBI
Kemel keleshektiń irgetasy

Хабарландыру

Су басу

Көктемгі су тасқыны кезінде өзен, көл жағаларына жақын орналасқан елді мекендер, шаруашылықтарды су басу қаупі болып тұрады.

– күшті жауын, қардың тез еруі немесе өзенде сең жүрісі кезінде оның бір орынға жиналып кептелуі себебінен су деңгейінің көтерілуі немесе су қоймасы бөгені кенеттен бұзылуы туғызатын, белгілі аймақтың су астында қалуы.

Өткен жылдардағы көктемгі су тасқыны кезінде орын алған мүлік шығындарына ұшыратқан үй, мал қораларын қиратқан су басу жағдайлары тәжірибелерін ескере отырып, мынадай шаралар өткізіледі:

– су тоғандары, бөгеттер, су қоймасы, т.б гидромеханикалық құрылыстар жағдайына тұрақты бақылау жасау;

– су басу мүмкіндігін тұрақты болжап, оның алдын алу шараларын жедел ұйымдастырып отыру;

– су қоймасындағы судың жинақталуын қадағалап, реттеп отыру;

– су қоймалары, табиғи тоғандардың жағаларын, бөгендерді нығайту;

– су басуы ықтимал орындардан судың өз жолымен ағып кетіп отыруын қамтамасыз ету, ол үшін арықтар, т.б су жүретін жолдарды тазалап отыру;

– жүзу және құтқару құралдарын даярлау;

– ауылдық жерлерде, шаруа қожалықтарында азық-түлік, жем-шөп, дәрі-дәрмек қорын мол жинап қою шараларын алу;

– халық пен малды дер кезінде көшіруге әзір тұру.

Уақыт жеткілікті болған жағдайда қауіпті аймақтағы халық дүние-мүлкімен бірге көшіріледі. Көшіру су басу аймағынан тыс орналасқан жақын елді мекендерге жүргізіледі. Халық қоғамдық ғимараттарға және жергілікті тұрғындардың үй-жайларына орналастырылады. Кәсіпорындар мен мекемелер су қаупі төнгенде жұмыс режимін өзгертеді немесе тоқтатады. Мектептер мен балалар бақшасы жұмысын тоқтатады.

Су тасқыны кезінде мынадай қауіпсіздік ережелерін орындау қажет:

Су тасқыны кезінде, әсіресе, ауа райы күрт жылынып, қар тез ери бастаған кезде және сең жүрісі мезгілінде өзен жағалауының төмен бөлігінде орналасуға болмайды;

– өзендердегі түбектерге де орналасу қауіпті, оларды су басуы немесе су айналып өтіп, шығу жолын кесіп тастауы мүмкін;

– көктемгі мезгілде өзен, көл бетіндегі мұздың үстімен көлікпен, атпен, кей жағдайда жаяу өту де қауіпті, мұз бұзылып кетіп суға кетуіңіз әбден мүмкін;

– Су тасқыны кезінде өзен, су қоймасы жағасында орналасқан саяжайға баруды тоқтата тұру керек;

– өзен, суларды кез келген, әсіресе, өзіңізге белгісіз жерлерден кешіп өту де қауіпсіз емес;

– су тасқыны кезінде жас балалардың өзен жағасында, шұңқырлар, терең арық, т.с жерлерде ойнауына тыйым салыңыздар;

– су деңгейі түскенше балық аулауды да тоқтата тұру қажет.

Су басу қаупі туралы хабарды естігенде

– электр, газ құралдарын, пештегі отты сөндіріңіз;

– азық-түлік, ақша, құжаттарыңызды жинастырып алып, киініңіз;

– үй жануарларын босатып жіберіңіз;

– жақын көршілерге хабар беріңіз;

– жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі ұйымдар нұсқаған орынға жетіңіз;

– үй астына, т.б төмен орналасқан ғимараттарға жасырынуға болмайды, керісінше жоғарғы қатарға, шатырға шығу керек.

Су қоршап кетсе:

– егер сіз дер кезінде қауіпсіз жерге шығып үлгермесеңіз

үйдің төбесіне, ағаштың басына, т.б биік орынға шығып алыңыз;

– биік орынға шығып үлгермесеңіз суда жүзетін бөрене,

тақтай, ағаш есік, бар болса қайық сияқты заттарды пайдаланыңыз;

– ең амалсыз жағдайда үстіңіздегі ауыр киімді шешіп тастап,

ағысқа қырындай жүзіп, су баспаған тарапқа шығыңыз.

Су басқан аумақтағы адамдарды іздестіру шұғыл ұйымдастырылады, ол үшін суда құтқару күштері, АҚ басқа да жүру құралдары бар күштер шығарылады.

Құтқару кезінде ұстамдылық танытып, құтқарушылар талабын орындау керек.

Су тасқыны кезінде өміріңізді, мүліктеріңізді аман алып қалу үшін ережелерді қатаң сақтап, алған хабарларға сәйкес дұрыс, тез қимылдаңыз.

Автор: Есенгалиева Ж.К. күні: 04.04.2018

Басты бетке